Қазақстанда есту аппараттарын алу мүмкіндігі кеңейтілуде: енді оларды есту қабілеті бұзылған пациенттер медициналық көрсетілімдер бойынша, тіпті мүгедектігі болмаса да ала алады. Жаңа механизмді Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство барлық ұйымдастыру шаралары аяқталғаннан кейін бұл көмекті ел бойынша мыңдаған пациент пайдалана алатынын уәде етеді.

Осы уақытқа дейін есту аппараттары тек ауыр есту бұзылыстары бар мүгедектіктің жекелеген санаттарына тегін берілетін. Енді оларды алу құқығына сурдолог дәрігер есту протездеуін тағайындаған барлық пациент ие болады.

«Есту реабилитациясын ерте бастау өмір сапасын сақтауға, оқу, қарым-қатынас және әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктерін жақсартуға көмектеседі», — деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының міндетін атқарушы Жанар Садуова.

Есту аппаратын алу үшін пациент сурдологқа тексеруден өтуі қажет. Дәрігер есту қабілетінің төмендеу дәрежесін бағалайды, қолайлы үлгіні таңдайды және медициналық қорытынды ресімдейді.

Жаңа жүйе тек есту аппаратын беруді ғана емес, сонымен қатар құрылғыны жеке таңдау мен баптау, құлаққа арналған вкладыш жасау, пациентті оқыту, сондай-ақ кепілдік және кепілдіктен кейінгі қызмет көрсетуді қамтиды.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, әртүрлі қуаттағы, есту қабілетінің әртүрлі дәрежедегі жоғалуы бар пациенттерге арналған заманауи есту аппараттарының тізімі қазірдің өзінде қалыптастырылған.