Қарағандыдағы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бокстан олимпиада чемпионы Данияр Елеусиновтің екі әйелді ұрып-соққаны үшін сотталған әйелінің қорғаушысының апелляциялық шағымын қарап, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қарағанды облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, 14 қыркүйекте қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған әйелге қатысты қылмыстық істі қарады. Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 27 қаңтарда сағат 21:10 шамасында ол атасының қорланғанын анықтау үшін екі әйелдің пәтеріне келіп, туындаған жанжал барысында оларды ұрып-соғып, басқа да зорлық-зомбылық әрекеттерін жасап, жәбірленушілерге дене жарақатын келтірген.
Бірінші сатыдағы соттың үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 432 500 теңге айыппұл жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сотталған әйелден әр жәбірленушінің пайдасына 500 мың теңгеден моральдық зиян өтемақысы, сондай-ақ өкіл қызметіне 1 миллион теңге шығыс өндірілді.
«Сот алқасы сотталған әйелдің қорғаушысының апелляциялық шағымы бойынша түскен қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қайта қарап, бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бірінші сатыдағы соттың үкімі заңды күшіне енді», — деді сотта.
Еске салайық, боксшы Данияр Елеусиновтің әйелінің қатысуымен болған оқиға осы жылдың қысында Майқұдықтағы бір үйде болған. Бұл резонанс тудырған іс бойынша үкім жазда шығарылған.


