Миллиардтаған қаражатты жымқырғаны үшін сотталған экс-банкир Жомарт Ертаев жаза мерзімін толық өтеп, бостандыққа шықты. Алайда оның тарихы мұнымен бітпеді — оған қатысты әкімшілік қадағалау белгіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ертаевтың бостандыққа шығуы туралы ақпаратты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) түсіндірді.

«Заңнамаға сәйкес осы сотталған адамға қатысты алты жыл мерзімге әкімшілік қадағалау жүргізіледі. Әкімшілік қадағалау — бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамның мінез-құлқын ішкі істер органдары заңда белгіленген тәртіппен бақылауға алуы», — деді ҚАЖК «Курсивке».

Жомарт Ертаев 1972 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 2000-жылдардың басында ол Альянс Банкін басқарды, кейін БТА Банкі мен Еуразиялық банкте жұмыс істеді. Сондай-ақ «Алма-ТВ» мен Alma Group-ты басқарған.

2009 жылы Ертаев Альянс Банкінен 1,1 млрд доллар жымқырғаны туралы іс бойынша ұсталды. Тоғыз ай тергеу изоляторында отырған соң шартты жаза алды.

2020 жылы ол Bank RBK-тен 144 млрд теңге жымқырғаны үшін 11 жылға сотталды. 2021 жылы мерзімі тоғыз жылға қысқартылды.

2025 жылдың күзінде Ертаев рақымшылық бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған еді, алайда мерзімінен бұрын босату туралы қаулы күші жойылып, ол колонияға қайтарылды.

Күні кеше журналист Михаил Козачков сотталған экс-банкирдің түпкілікті бостандыққа шыққанын хабарлады.