Еуразиялық экономикалық комиссия қытайлық тұтандырғыш шамдарға 17,23% көлемінде антидемпингтік баж салды. Сонымен қатар Қазақстанға жылына 6 млн дана бажсыз квота қарастырылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шара ЕАЭО СЭҚ ТН 8511 10 000 1 және 8511 10 000 9 кодтары бойынша жіктелетін өнімге қатысты.
Баж 5 жыл бойы қолданылады.
ЕАЭО елдері үшін қытайлық шамдарды баж төлемей әкелуге болатын квоталар белгіленді. Ең үлкен лимитті Қазақстан алды — жылына 6 млн дана. Беларусь үшін квота 1,8 млн, Армения мен Қырғызстан үшін 500 мың шамнан құрайды.
Қазақстанда квотаны бөлу тәртібі сауда және интеграция министрінің 2026 жылғы 18 тамыздағы бұйрығымен бекітілген, ол 2031 жылғы 9 мамырға дейін күшінде болады.
Импорт әзірге квота шегінде. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы Қазақстан Қытайдан 2,1 млн тұтандырғыш шам әкелген. Бұл осы өнімнің жалпы импортының шамамен 23,6%-ы.
Салыстыру үшін, Тайландтан Қазақстанға шамамен 2,21 млн шам, Жапониядан 2,09 млн шамасында, Германиядан 237 мыңға жуық шам әкелінген.
Осылайша, Қазақстанға белгіленген квота 2025 жылғы қытайлық жеткізілім көлемінен үш есеге жуық артық. Баж тек квотадан асатын жеткізілімдерге қолданылады.
Тағы бір маңызды шектеу бар: Қазақстанға бажсыз квота аясында әкелінген шамдарды ЕАЭО-ның басқа елдеріне қайта экспорттауға болмайды. Бұл ереже қытайлық өнімді одақтың басқа мемлекеттерінің нарықтарына бажсыз жеткізу үшін жергілікті квотаны пайдаланудың жолын кесуі тиіс.
Бұған дейін Курсив Авто Қазақстанда автобөлшектер шығаруды тежейтін қандай факторлар бар екенін хабарлаған.


