Нью-Йорктегі Квинс ауданында орналасқан, Дональд Трамп өмірінің алғашқы төрт жылын өткізген екі қабатты үй сатылды. Мәміле сомасы 1,93 млн долларды құрады, сатып алушы — атын жарияламауды өтінген жеке тұлға, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тюдор стиліндегі үйді 1940 жылы АҚШ-тың болашақ президентінің әкесі, құрылыс салушы Фред Трамп тұрғызған. Мәміленің аяқталғаны туралы People порталы жазды.

Алдыңғы иесі, құрылыс салушы Томми Лин, қаңырап қалған ғимаратты 2025 жылы небәрі 835 мың долларға сатып алған. Ол кезде нысанның жағдайы мүшкіл еді: құбырлар жарылып, ішінде зең пайда болған, ал бос бөлмелерді қаңғыбас мысықтар мекендеген. Инвестор интерьерді толық жаңартып, заманауи ас үй орнатып, паркет едендерді жаңартып, ауқымды жөндеуге шамамен 500 мың доллар жұмсады.

Бұл тұрғын үйдің тарихы ерекше. 2017 жылы үй Trump Birth House LLC компаниясына 2,14 млн долларға сатылып, кейін Airbnb платформасында жалға берілген. Сол кезде бөлмелерге экс-президенттің толық бойлы картон мүсіні қойылып, оның суреттері бар журнал мұқабалары ілінген. Кейінірек үйді 2,9 млн долларға сатуға әрекет жасалды, бірақ сатып алушы табылмай, ғимарат жылдар бойы қаңырап қалды.