АҚШ-та өткен аукционда кино тарихындағы ең танымал реквизиттердің бірі — Дарт Вейдердің жарық қылышы сатылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Bild басылымына сілтеме жасаған NUR.KZ-тің мәліметінше, сауда-саттық 12 қарашада Далластағы Heritage Auctions аукционында өтті. Лот 4,875 млн долларға, яғни 2,1 млрд теңгеге сатып алынды. Жаңа иесінің есімі жарияланбайды. Ұйымдастырушылар бұл баға франшизаға қатысты коллекциялық зат үшін рекорд болғанын атап өтті.

Қылыш түпнұсқа трилогияның екі фильмінде — «Империя кері соққы береді» (1980) және «Джедайдың қайта оралуы» (1983) — түсірілгені белгілі. Атап айтқанда, Вейдер дәл осы қылышпен Бұлтты қалада Люк Скайуокермен шайқасып, «Мен сенің әкеңмін» деген әйгілі сөзін айтқан.

Жарияланымда қылыштың сабында тозу іздері қалғаны айтылады: сызаттар, жарықшақ, тіпті сынған бөлік те бар. Әдетте мұндай ақаулар құнды төмендетеді, алайда бұл жағдайда аукцион үйі оларды реквизиттің түпнұсқалығын дәлелдейтін маңызды белгі деп санайды.

Сатылған реквизит «Жұлдызды соғыстар» заттары үшін жақында ғана, 2026 жылдың шілдесінде белгіленген алдыңғы рекордты басып озды. Ол кезде Люк Скайуокердің жарық қылышы оның кесілген қолын бейнелейтін реквизитпен бірге 3,75 млн долларға (1,6 млрд теңге) сатылған еді.