Қытайлық Changan автокомпаниясы өзінің танымал CS55 Plus кроссоверінің жаңа гибридті нұсқасын жария етті. CS55 Plus HEV деп аталатын жаңалық өздігінен зарядталатын гибридті жүйемен жабдықталған және 18 тамызда сатылымға шығады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Гибридті қондырғының негізіне 148 ат күші бар 1,5 литрлік турбокомпрессорлы қозғалтқыш алынған. Мотор 241 ат күші бар электр агрегатымен және сыйымдылығы 1,7 киловатт-сағат болатын ықшам батареямен жұптасады. BlueCore технологиясының арқасында бензин қозғалтқышы 500 бар қысыммен тікелей отын бүрку жүйесімен жабдықталған және жылу тиімділігінің ең жоғары көрсеткіші 44,28 пайызға жетеді.
Компанияның мәлімдеуінше, мұндай қуат қондырғысы қалалық циклде жанармай шығынын 100 шақырымға үш литрге дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, батарея сыртқы желіден зарядтауды қажет етпейді — ол автомобиль қозғалысы кезінде энергия қорын толықтырады.
Гибридті CS55 Plus стандартты нұсқадан V-тәрізді радиатор торы бар жаңартылған алдыңғы бамперімен, аэродинамикалық дөңгелек дискілерімен және көк түсті HEV эмблемасымен ерекшеленеді. Кроссовердің өлшемдері: ұзындығы 4550 миллиметр, ені 1868 миллиметр, биіктігі 1675 миллиметр, ал дөңгелек базасы 2656 миллиметрді құрайды.
Жаңа гибридті нұсқаның бағасы әзірге жарияланған жоқ. Салыстыру үшін, Қытайдағы бензиндік CS55 Plus 93 мыңнан 110 мың юаньға дейін тұрады, бұл қазіргі бағам бойынша шамамен 6,5–7,7 миллион теңгеге тең.
Бұған дейін Changan 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең жылдам дамып келе жатқан бренд атанғаны хабарланған болатын. Сонымен қатар, брендтің ең көп сатылатын моделі дәстүрлі іштен жанатын қозғалтқышы бар CS55 Plus болып табылады. Қазақстандағы ресми дилерлерде бұл кроссовер басқа кузовта ұсынылған және оның бағасы 9,3 миллион теңгеден басталады.


