Beeline Қазақстан, әлемдік цифрлық оператор VEON және Қазақстан Ұлттық Банкі төлем қызметтері саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бес жылға арналған және тараптардың төлем қызметтері саласындағы негізгі ынтымақтастық бағыттарын, сондай-ақ цифрлық сервистерді Қазақстанның ұлттық төлем және цифрлық қаржы инфрақұрылымымен интеграциялау мүмкіндіктерін зерделеуді айқындайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ынтымақтастық бағыттарының бірі — Beeline-ның елдің төлем нарығындағы қатысушы ретіндегі одан әрі дамуы. Компания бірінші санаттағы төлем ұйымы мәртебесін алған нарықтың алғашқы қатысушыларының қатарына кіруді көздеп отыр. Мұндай мәртебе алу Қазақстанда төлем сервистерін дамытуға қосымша мүмкіндіктер туғызады.
Меморандум Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit аясында жасалды. Бұл — Қазақстан Ұлттық Банкі, Ұлттық төлем корпорациясы және Kazakhstan Fintech Network ұйымдастырған аймақтың қаржы-технологиялық секторындағы негізгі іс-шаралардың бірі.
«Қазақстан заманауи ұлттық төлем инфрақұрылымын дәйекті түрде дамытып келеді, біз үшін осы трансформацияның бір бөлігі болу маңызды. Beeline компаниялар тобы төлем сервистерінде айтарлықтай тәжірибеге ие, ал VEON — халықаралық технологиялық тәжірибе мен ауқымды цифрлық экосистемаға. Осы мүмкіндіктерді ұлттық төлем инфрақұрылымымен біріктіру миллиондаған пайдаланушы үшін жаңа, қолайлы әрі қолжетімді қаржы сервистерін жасауға жол ашады. Біздің міндетіміз — төлемдер мен аударымдарды клиенттің күнделікті цифрлық тәжірибесінің табиғи бөлігіне айналдыру: қарапайым, жылдам және қауіпсіз», — деді Beeline Қазақстан холдингінің бас директоры Джаббор Каюмов.
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты — VEON тобының компанияларының Ұлттық төлем корпорациясының жекелеген сервистері мен инфрақұрылымдық шешімдерін пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу. Бұл төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу құралдарын, сондай-ақ қаржы нарығы қатысушыларының өзара іс-қимылы мен есеп айырысу шешімдерін қамтуы мүмкін.
Ынтымақтастық тараптарға VEON-ның цифрлық экосистемасында Қазақстанның ұлттық төлем инфрақұрылымы мен топтың халықаралық тәжірибесін пайдалана отырып, жаңа қаржы сервистерін жасау мүмкіндіктерін зерделеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте әрбір жоба жеке регуляторлық, заңдық және техникалық сараптамадан өтіп, барлық қажетті талаптар мен рәсімдер орындалғаннан кейін жүзеге асырылатын болады.
VEON — 150 млн-нан астам байланыс қызметі клиенті мен 228 млн-нан астам цифрлық платформа пайдаланушысына қызмет көрсететін цифрлық оператор. Компания әлем халқының 6%-дан астамы тұратын 5 елде жұмыс істейді және адамдарға көмектесіп, экономикалық өсуге ықпал ететін технологиялық сервистерді дамытады. Компания Қазақстанда телекоммуникациялық, қаржы, цифрлық және технологиялық сервистерді дамытатын Beeline цифрлық операторы арқылы ұсынылған.


