Бурятияда магнитудасы 6,7 болатын күшті жер сілкінісі болды. Бұл Иркутск облысының бірнеше қаласының тұрғындарын үйлерінен шығуға мәжбүр етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сейсмикалық оқиға Тункин ауданында тіркелді. Ресей ТЖМ аймақтық басқармасының хабарлауынша, эпицентр Кырен елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 7,6 км жерде болған. Ведомство хабарламасында: "Тункин ауданында сейсмикалық оқиға тіркелді. Эпицентр Кырен елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 7,6 км қашықтықта орналасқан", - делінген.
Ресей ғылым академиясының Бірыңғай геодезиялық қызметінің Байкал бөлімшесі жер сілкінісінің энергетикалық класы 12,9, магнитудасы шамамен 6,7 болғанын нақтылады. Жер асты дүмпулерін Иркутск, Ангарск, Слюдянка және Шелехов тұрғындары сезді. Көзәуегерлердің айтуынша, ғимараттарда люстралар мен жиһаздар шайқалып, кей адамдар асыға үй-жайларынан шығып кеткен.
Жарияланым кезінде қирағандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат келіп түскен жоқ. Мамандар сейсмикалық ахуалды бақылауды жалғастыруда.
