2026 жылдың соңына дейін Қазақстанның тағы төрт өңірінде мүгедек балаларға үйде оңалту қызметі қолжетімді болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында «QH Мүгедек балаларды үй жағдайында оңалту» жобасының аралық қорытындысы шығарылды.

Қазір бағдарлама «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Ұлттық әлеуметтік қорғау саласын дамыту ғылыми орталығымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Ол Шымкент, Қызылорда, Павлодар облыстары мен Абай облысында қолданыста.

Жоба басталғалы бері 628 бала үй жағдайында кешенді оңалтудан өтті. Оларға 405 инновациялық техникалық оңалту құралы берілді. Министрліктің дерегінше, 470 балада оң өзгерістер байқалды – бұл бағдарламаға қатысушылардың 75% жуығы. Тұрақты жаттығулардың арқасында 130 бала басын сенімді ұстауға, 76 бала өз бетімен отыруға, 78 бала тіреуішпен тұруға үйренсе, 34 бала алғашқы қадамдарын жасады.

Абай облысының тұрғыны Назым Рашитқызының ұлы бағдарламаға бір жарым жылдан бері қатысып келеді. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде бала аяғында сенімдірек тұра бастаған, ойыншықтарды өзі алып, бөгде адамның көмегінсіз тамақ ішуге тырысады. «Біздің отбасы үшін бұл – үлкен жетістік. Біз бұл жоба үшін шын жүректен алғыс айтамыз және оның жалғасын тауып, көптеген балаға қолжетімді болатынына үміттенеміз», — деді ол.

Жобаның ерекшеліктерінің бірі – отбасыларды цифрлық бақылау күнделігі арқылы тұрақты қашықтықтан қолдау. Оңалтушылар баланың жағдайын бақылап, үйдегі жаттығулардың нәтижесін талдап, қажет болған жағдайда қалпына келтіру бағдарламасын түзетеді. Мұндай формат шалғай елді мекендерде тұратын балаларға сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік берді. Болашақта цифрлық платформаны ата-аналарға арналған оқу материалдарымен, логопедиялық жаттығулармен және жаңа қолдау сервистерімен толықтыру жоспарлануда. Сонымен қатар, ата-аналардың тәжірибе алмасып, бір-бірін қолдауы үшін тұрақты бетпе-бет кездесулер көзделген.

2026 жылдың соңына дейін үйде оңалту Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Ұлытау облысының тұрғындарына қолжетімді болады. Отырысты қорытындылай келе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жобаны одан әрі дамыту тек мемлекеттің, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы арқылы ғана мүмкін екенін атап өтті.