Шығыс Қазақстан облысындағы тас жолда жүргізушілер жолдың дәл ортасынан шыққан аюға тап болды. Куәгерлердің айтуынша, жануар әлсіреген көрінеді, деп хабарлайды infohub.kz.

Оқиға ШҚО-ның Марқакөл ауданындағы Ақжайлау мен Ұрынхайка ауылдары арасындағы жолда болды. Жергілікті тұрғындар жабайы аңды бейнеге түсіріп алған. Оқиға орнына полиция және орман шаруашылығы қызметкерлері жедел жетті.

Куәгерлердің сөзіне қарағанда, аю жеңіл көліктер мен мотоциклдерге ешқандай агрессия танытпаған. Жануардың әлсірегені соншалық, көмекке мұқтаж болуы мүмкін.

Марқакөл ауданының әкімдігі оқиға орнына Марқакөл орман шаруашылығы мен полиция бөлімінің қызметкерлері шыққанын хабарлады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, аю таулы аймаққа қарай беттеген.

Орман шаруашылығы зардап шеккендер жоқ екенін, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ деп мәлімдеді. Құзырлы органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр.

Облыс билігі жергілікті тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырады: жабайы жануарға жақындамау, оны тамақтандыруға немесе қудалауға әрекеттенбеу, сондай-ақ таңертең және кешке орман массивінде серуендеуден уақытша бас тарту.