18 шілдеде Қазақстанның алты қаласында ауаның ластануына әкелетін қолайсыз метеожағдайлар болжанып отыр, деп хабарлайды infohub.kz.

Мамандардың мәліметінше, ҚМЖ Алматыда, сондай-ақ түнде Астана, Петропавл, Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында күтіледі. Қолайсыз метеожағдайлар тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температура инверсиясы кезінде пайда болады. Соның салдарынан зиянды заттар атмосфераның жер бетіне жақын қабатында жиналып, ауа сапасын нашарлатады.

Синоптиктердің ескертуінше, мұндай кезеңдерде ластанған ауаның денсаулыққа теріс әсер ету қаупі артады, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін. Ластану деңгейіне жел жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы да әсер етеді.

Тұрғындарға далада, әсіресе автомобиль жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар, қарт адамдар және жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуға кеңес беріледі. Тыныс алу органдары, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар адамдар мен аллергиясы барлар дәрі-дәрмектерін өздерімен бірге алуы қажет. Көшедегі дене жүктемелерін мүмкіндігінше жабық үй-жайларға ауыстырған жөн.

Бұған дейін «Қазгидромет» 18 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялаған болатын, ол Қазақстанның 16 өңірі мен Астананы қамтыды. Бірқатар облыстарда +45 градусқа дейін қатты ыстық, найзағай, бұршақ, дауылды жел, шаңды дауылдар және төтенше өрт қаупі болжанып отыр.