Атырауда ALTYN ORDA халықаралық садақ ату турнирі ашылды. Оған Қазақстан мен әлемнің 18 елінен 200-ден астам садақшы қатысуда. Қатарларында Венгрия, Өзбекстан, Иран, Үндістан, Корея Республикасы, Ұлыбритания, Франция, Марокко және басқа да мемлекеттер бар. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Дәстүрлі садақ атуды насихаттау, ұлттық спорт түрін дамыту, шеберлікті шыңдау және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу мақсатында өтіп жатқан бұл жарыс дәстүрге айналған.
Турнирдің ресми ашылуында Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қатысушыларды құттықтап, Атырауда өтетін жарыстың ерекше символдық мәнін атап өтті. «Атырау — Алтын Орда дәуірімен тікелей байланысты, тарихы терең қасиетті өлке. Өңірде орналасқан ежелгі Сарайшық қаласы ұлттық тарихта алар орны ерекше. Сондықтан Атырауда ALTYN ORDA халықаралық садақ ату турнирінің өтуі ұлы өткеніміз бен бүгінімізді жалғастыратын терең символдық мағынаға ие. Бұл — жай ғана спорттық жарыс емес, тарихымызға деген құрмет пен ұлттық өнердің жаңғыруының терең белгісі. Бұл — Ұлы даланың тірі мұрасы ретінде садақ атуды бүкіл әлемге таныту жолындағы қадамымыз. Бүгін өңірде дәстүрлі садақ атудың материалдық-техникалық базасын нығайту және спортшыларды даярлауға жағдай жасау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Басты мақсатымыз — ұлттық спортты дамытуға қолайлы жағдай жасау ғана емес, сонымен қатар Атырауда әлемдік деңгейдегі жаңа чемпиондарды тәрбиелеу. Садақшыларымызға сәттілік, дәл тигізіп, жеңіске жетулерін тілеймін! Баршаңызға зор денсаулық пен табыс тілеймін», — деді Болат Ақшолақов.
Өңірде дәстүрлі садақ атуды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде облыста бұл спорт түрімен 100-ден астам адам тұрақты түрде айналысады. Олардың қатарында 2 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 8 Қазақстан Республикасының спорт шебері және 25 спорт шеберлігіне кандидат бар.
Іс-шара аясында өңір басшысы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткен Атырау облысының спортшыларына алғыс хаттар табыс етті. Олардың қатарында көкпардан күміс жүлдегер Абылай Ұлықпанов және дәстүрлі садақ атудан қола жүлдегер Әли Сесигюзель бар.
Жарыстың бірінші күнінің қорытындысы бойынша «Пута» дисциплинасында ерлер мен әйелдер арасында іріктеу кезеңдері өтті. Ерлер арасында үшінші орынды Забит Сатоев иеленсе, әйелдер арасында қола жүлдені Ресейден келген Миляуша Халилова жеңіп алды. Ертең спортшылар «Қалқан» дисциплинасында жүлделер үшін күресті жалғастырады.
Жарыс 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Бірнеше күн бойы садақшылар дәстүрлі садақ атудың түрлі дисциплиналарында жүлделерді сарапқа салады. Спортшылардың өнерін халықаралық төрешілер бағалайды.


