Астана тұрғындары әлеуметтік желілерде беймәлім симптомдары бар сырқатқа жаппай шағымдануда: жөтелден бөлек, қала тұрғындары ауыздың құрғауын және көздің қышуын байқаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Threads желісіндегі aaliya_23 лақап атымен тіркелген қолданушы қала бойынша «вирус жүргенін» жазды. «Әлсіздік, сирек құрғақ жөтел, тоқтаусыз түшкіру және көз қышуы. Кімде осылай? Күзде аллергия болуы екіталай шығар?» — деп жазды қазақстандық.

Пікірлерде елорда тұрғындары ұқсас симптомдарды байқағандарын растайды. Сонымен қатар қала тұрғындары мұны аллергия деп сенбейтіндіктерін айтып, жаңа вирустың пайда болуын болжауда.

NUR.KZ тілшісіне Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлағандай, қыркүйек айының басынан бастап Қазақстанда күзгі-қысқы маусымға дайындық аясында ЖРВИ, тұмау және COVID-19-ға эпидемиологиялық мониторинг жүргізілуде.

«Бұл кезеңде ауа райының күрт өзгеруі де орын алады, бұл респираторлық вирустық инфекциялардың таралуына ықпал етуі мүмкін. Қазіргі таңда бұрын белгісіз жаңа вирустар анықталған жоқ. Сонымен қатар бір симптомдар бойынша нақты вирусты анықтау мүмкін емес. Сондықтан ауру белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тексеру мен маман кеңесін алу үшін медициналық ұйымға жүгіну қажет», — деді ведомствода.

Алдын алу шарасы ретінде азаматтарға үй-жайларды жүйелі түрде желдету, қол тазалығын сақтау, ауру белгілері бар адамдармен тығыз байланыстан аулақ болу, қажет болған жағдайда адам көп жиналатын жерлерде маска кию және ЖРВИ симптомдары пайда болғанда мүмкіндігінше үйде қалу ұсынылады.

«Жоғары температура, айқын әлсіздік, тыныс алудың қиындауы немесе жалпы жағдайдың нашарлауы кезінде дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет», — деп еске салды Комитетте.