Астанада кәмелетке толмаған балаға құрылыс алаңын қоршаған профлист құлады. Мердігердің жауапты өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Елордадағы профлистің құлауы туралы Threads әлеуметтік желісінде valena8602 лақап атымен тіркелген қолданушы жазды.

«Нұра ауданында балаға профлист құлады. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары әкімдікке бірнеше рет хат жазып, ауданды абаттандыруды сұраған. Себебі адамдар аялдамаға қоршаудың бойымен жүріп барады, айналасы батпақ. Үш жылдан бері құрылыс жүріп, қазылып жатқан жерде қарапайым тұрмыс жағдайы жоқ. Халықтың дауысын есту үшін осындай жағдайға жету керек пе?» — делінген жазбада.

Жарияланымға Астана қалалық полиция департаменті жауап берді.

«Құрылыс нысанының аумағын тиісті деңгейде ұстамағаны үшін мердігердің жауапты өкілі (учаске бастығы) абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы факті бойынша Нұра ауданының полиция басқармасы жарақат алған кәмелетке толмаған балаға қажетті медициналық көмек көрсетілгенін, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнбейтінін хабарлайды. Құқық қорғау органдары құрылыс компаниялары мен жауапты тұлғаларға қауіпсіздік нормаларын қатаң сақтау және іргелес аумақтарда тәртіпті ұстау қажеттігін еске салады», — деді полицияда.