Астана полициясы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында елордада өтетін «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турниріне байланысты күшейтілген режимге көшеді, деп хабарлайды infohub.kz.

Астана полиция департаментінің мәліметінше, 29 шілде мен 9 тамыз аралығында елордада «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турнирі өтеді. Цифрлық технологиялар мен дәстүрлі спорт түрлерін біріктіретін бірегей шараға Қазақстан астанасына әлемнің үздік спортшылары, халықаралық делегациялар, жанкүйерлер мен туристер келеді деп күтілуде.

Осыған байланысты Астана полиция департаменті күшейтілген режимге көшеді. «Халықаралық іс-шара өтетін бүкіл кезеңде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істейді», делінген полиция хабарламасында.

Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Жарыс өтетін орындардың маңындағы қозғалыс реттеледі. Кептелістерді болдырмау, арнайы техниканың кедергісіз жүруін қамтамасыз ету және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін сақтау үшін кешенді шаралар қабылданады. Кейбір көшелерде қозғалысқа уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін.

Қала тұрғындары мен қонақтары қоғамдық тәртіпті сақтауға, қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстануға және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын түсіністікпен қабылдауға шақырылды.