Астана полициясы есірткіні сақтау және сатуға күдікті екі жас ер адамның әрекетін тоқтатты. Олар гашиш майын дайындау үшін бір подъезден екі пәтер жалдап, ас үйде манты қазанын пайдаланған. Тінту кезінде 1,5 килограмнан астам тыйым салынған зат алынды, деп хабарлайды infohub.kz.
Полицияның анықтауынша, 24 және 23 жастағы Астана тұрғындары бір подъездің әр қабатынан екі пәтер жалдап, интернет-мессенджерлер арқылы тайник-закладка әдісімен гашиш майын таратқан.
Тінту кезінде екі пәтерден сары түсті сұйықтық толтырылған пластик бөтелкелер табылды. Олардың құрамында гашиш майы бар екені анықталды. Сондай-ақ электронды таразы, орау материалдары және есірткі салуға арналған ыдыстар тәркіленді.
Полицияның назарын пәтерлердің біріндегі ас үй ерекше аударды. Онда манты қазанының бетінде есірткі қабаты байқалды. Тергеу барысында күдіктілер бұл қазанды гашиш майын ерітіп, оны орауға жеңілдету үшін пайдаланғаны белгілі болды.
Барлығы 1,5 килограмнан астам гашиш майы мен марихуана тәркіленді. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жабылды. Қылмыстық іс қозғалды.
Полиция есірткінің заңсыз сақталуы, дайындалуы және сатылуы қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді. Құқық қорғау органдары азаматтарды есірткі айналымына қатысты кез келген деректі хабарлауға шақырады.


