Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде отбасылық жанжал ерлі-зайыптылардың екеуінің де өлімімен аяқталды. Көршілердің айтуынша, қайғылы оқиға алдында әйел бірнеше рет подъезге жүгіріп шығып, көмек сұраған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Еске салайық, елордалық тұрғын үй кешендерінің бірінің тоғызыншы қабатында 55 жастағы ер адам мен оның 53 жастағы жұбайы қаза тапқан. Полиция дерегінше, екеуінің арасында жанжал болған. Ер адам әйелге пышақ салып, кейін өзіне де жарақат тигізген. Екеуі де дәрігерлер келгенге дейін көз жұмды. Барлығы олардың кәмелетке толмаған баласының көзінше болған.
«Жетінші арна» журналистері оқиғадан кейінгі күні сол тұрғын үй кешеніне барған. Пәтерге іздеу салынып, төңіректе қанды іздер қалған. Телеарна мәліметінше, кілемде аяқтың қанды ізі, қабырғада — қолдың ізі болуы мүмкін дақ көрінген.
Пәтерлердің бірінің иелері бұл жерге төрт жыл бұрын көшіп келгендерін, қаза тапқан жұптың ол кезде де осында тұрғанын айтты. Көрші әйел ешқандай жанжалды байқамағанын еске алады. Ол бұл қонақтары жиі келетін, есігі үнемі ашық тұратын қарапайым отбасы деп ойлаған. Сондықтан болған оқиға оны қатты шошытқан.
«Кешкі сағат 10:30 шамасында айқай естілді, шамамен үш минуттай айқай естіп, ол басылды. Екі рет, менің түсінуімше, ол подъезге жүгіріп шықты, бәлкім қашып кетпек болды ма, әлде қалай, білмеймін. Кейін жедел жәрдем келді, милиция келді, содан кейін бірдеңе болғанын түсіндік», — дейді ол.
Тұрғындардың айтуынша, сол қайғылы түні әйел айқайлап, көмек сұраған, кейін ер адамның дауысы естілген: «Не істеп қойдым мен?». Содан кейін тыныштық орнаған, дейді көршілер.
Ал сол пәтердің астында тұратын тағы бір көршісі Бақжамал Кешірбаеваның айтуынша, ерлі-зайыптылардың айқайы мен жанжалы тек сол түні ғана естілмеген.
«Бұл үйде жанжалдар болып тұрды. Өткен жылы жиі еститінбіз. Біз ҮЙК өкілімен бірге оларға барып, ескерту жасадық. „Сендер ересек адамсыңдар ғой, осыны қойыңдар“ дедік. Ол ішімдік ішетін болып шықты. Сонда үй иесі полиция шақырып, ол екі күнге қамалды. Ол қайтып келген соң, қайтадан жанжал шығарған болуы керек», — дейді көршісі Бақжамал Кешірбаева.
Полиция қазір тергеу жүріп жатқанын, ол отбасылық драманың барлық себептері мен мән-жайын анықтайтынын хабарлады.
«Жанжал барысында ер адам жұбайына пышақ салып, кейін өзіне де пышақ салғаны анықталды. Алған жарақаттарынан екеуі де оқиға орнында қаза тапты», — деп еске салды Астана қалалық ПД ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Эльмира Шауленова.
Айта кетейік, жұптың бес баласы қалды, төртеуі ересек, кәмелетке толған. Ал кіші ұлы 14 жаста, ол да қайғылы түні пәтерде болған. Қазір онымен психологтар жұмыс істеп жатыр, бала аға-әпкелерінің қолында.


