Астана полицейлері есірткі заттарын сақтап, таратты деген күдікпен 26 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ агенттігі Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz медиапорталына сілтеме жасап хабарлауынша, жедел іс-шаралар барысында астанчалық ер адам екі тайниктен тыйым салынған заттар салынған 100-ден астам ораманы алу кезінде ұсталған. Алдын ала деректерге қарағанда, ол оларды қала аумағында таратуы тиіс болған.
Сонымен қатар, күдіктінің тұрғылықты жерінде жүргізілген тінту кезінде аяқ киім қорабынан өзіне тән иісі бар, ақ түсті ұнтақ тәрізді заттар салынған қосымша орамалар табылды. Алдын ала деректер бойынша, бұл заттар мефедрон мен альфа-PVP болып шықты. Орамалар әртүрлі түсті изолентамен оралған.
Табылғанның барлығы тәркіленді. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, басқа да қатысы бар адамдар анықталуда.
"Есірткі заттарын сақтау, өткізу және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Құқық қорғау органдары есірткі тарату арналарын, оның ішінде тайник-салындылар арқылы анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдап келеді", — деп еске салды ІІМ-де.


