Қазақстан астанасында екінші әуежай пайда болады: оны Сингапурдың мемлекеттік компаниясы тұрғызады. Құрылыс 2027 жылы басталады, тиісті рамалық келісімге қол қойылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Көлік министрлігінің мәліметінше, құжат Changi Airport Group еншілес құрылымы — Changi Airports International (CAI) компаниясымен жасалды. Келісім астананың әуежай инфрақұрылымын дамытуға қатысты.

«Тараптар Астана қаласында жаңа әуежай салу жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы уағдаласты. Жоба Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық авиациялық хаб қалыптастыру және Астананың транзиттік әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда», — делінген ведомство хабарламасында.

Жаңа нысаннан бөлек, тараптар Changi Airports International компаниясымен қолданыстағы Астана халықаралық әуежайы бойынша өзара іс-қимыл жасасуға келісті. Әңгіме компанияның менеджментке, операциялық қызметке (O&M) және әуежайды одан әрі дамытудың өзге де бағыттарына қатысуы туралы болып отыр.

Changi Airport Group (CAG) — Сингапурдың мемлекеттік компаниясы, ол елдің әуежай инфрақұрылымын, соның ішінде Changi халықаралық әуежайын басқаруға және дамытуға жауапты. Бұл әуежай әлемнің жетекші халықаралық авиациялық хабтарының қатарына кіреді. 2025 жылы ол шамамен 70 млн жолаушы мен 2 млн тоннадан астам жүкті қабылдап, Сингапурды әлемнің 170-тен астам қаласымен байланыстырды. Сонымен қатар Changi Skytrax World Airport Awards нұсқасы бойынша 14 рет «Әлемнің үздік әуежайы» атағын жеңіп алды, оның ішінде 2025 және 2026 жылдары да.

Еске салайық, өткен жазда Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада екінші әуежайдың жақын арада салынатынын жариялаған болатын.