Қазақстан астанасы «ДДҰ инновациялық қала — 2026» халықаралық сыйлығының 15 финалисінің қатарына кірді. Бұл туралы Қазақстанның Әділет министрлігі Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына сілтеме жасап хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Инновациялық және креативті экожүйе дамытып жатқан қалаларға арналған бұл сыйлық алғаш рет беріліп отыр. Халықаралық тәуелсіз қазылар алқасы қалалар ұсынған бастамаларды, сондай-ақ оларды келесі жылы жүзеге асыру жоспарларын бағалады.

Астананың өтінімінде жасанды интеллект пен деректерді талдауды қолдана отырып, Smart City платформасын дамыту, жеке бағытталған мемлекеттік қызметтер көрсететін бірыңғай цифрлық портал құру, қаланың инновациялық экожүйесін нығайту, сондай-ақ қалалық ортаның тұрақтылығы мен қолжетімділігін арттыру үшін технологияларды пайдалану қарастырылған.

Өтінімдер әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі ауқымдағы қалалардан түсті. Астанамен бірге финалға Бельгия, Қытай, Үндістан, Иордания, Марокко, Филиппин, Португалия, Ресей, Таиланд және Ұлыбритания қалалары өтті.

Сыйлықтың үш жеңімпазы 2026 жылғы 12 қазанда Женевадағы ДДҰ штаб-пәтерінде жарияланады. Салтанат БҰҰ мэрлер форумының алтыншы кездесуі аясында өтеді.

Бұған дейін «Курсив» жазғандай, Астана Global Cities Index 2026 рейтингінде әлемнің 1 мың ірі қаласының ішінде 281-орынға тұрақтап, бір жылда бес сатыға төмендеген. Сонымен қатар астана адами капитал деңгейі бойынша 98-орында, экономикалық көрсеткіштер бойынша 264-орында тұр.