Жетісу облысындағы «Көктал» оқу полигонында Орталық Азия өңірінің ұжымдық жедел орналастыру күштерінің «Рубеж-2026» бірлескен оқу-жаттығуы басталды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан әскери қызметшілері қатысып жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлағандай, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің әскерилері Жетісу облысындағы «Көктал» полигонында бірлескен дайындыққа кірісті.
Оқу-жаттығу барысында төрт елдің әскери қызметшілері бірлескен дайындық, басқару органдары мен ұлттық контингенттердің өзара іс-қимылы мәселелерін пысықтауда.
«Оқу-жаттығу 13-18 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы полковник Махсут Гусейновтың басшылығымен өтіп жатыр. Оған 1500-ге жуық әскери қызметші және 115 ұшқышсыз ұшу аппаратын қоса алғанда, 300-ден астам қару-жарақ, әскери және арнайы техника жұмылдырылды», — делінген қорғаныс ведомствосының хабарламасында.
Аталған ведомство практикалық іс-қимылдар тау-шөлді жер бедерінің ерекшеліктері ескеріле отырып өтіп жатқанын және Қазақстанның Шекара қызметі мен Ұлттық ұланы бөлімшелерімен өзара іс-қимылды көздейтінін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қазақстандықтарды алдағы ҰҚШҰ оқу-жаттығуы туралы ескерткен болатын. Осыған байланысты үш өңірдегі жолдарда әскери техника жүреді.


