Жапонияда өтіп жатқан XX Жазғы Азия ойындарында 27 жастағы саблист Артем Саркисян Қазақстанға семсерлесуден алғашқы медалін сыйлады. Ол қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қарағандылық спортшы жүлдеге барар жолда алдын ала кезеңде бес сайыстың төртеуінде жеңіске жетті. 1/8 финалда қазақстандық үндістандық Гишо Нидхи Кумаресан Падманы 15:11 есебімен ұтты.
Ширек финалда Саркисянның қарсыласы Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы оңтүстіккореялық Гендонг До болды. Тартысты әрі тең додада қазақстандық саблист 15:14 есебімен басым түсіп, кемінде қола медальға кепілдік алды.
Жартылай финалда Саркисянға Оңтүстік Кореяның одан да қауіпті өкілі – үш дүркін Олимпиада чемпионы әрі бес дүркін әлем чемпионы Сангук О қарсы тұрды. 4:8 есебімен артта қалған қарағандылық қарсыласын қуып жетуге шақ қалды – 7:8, алайда қатарынан екінші сенсация болмады: сайыс қорытындысы – 9:15.
Жартылай финалда жеңілгеніне қарамастан, Саркисян тарихта саблистердің жеке сайысында Азия ойындарының медалін жеңіп алған Қазақстанның тұңғыш өкілі ретінде қалды.
Сол күні қазақстандық рапирашылар София Актаева мен Алина Гноева 1/8 финал кезеңінде өнерлерін аяқтады, ал саблист Нұрмұхамед Жайлыбай іріктеу сайыстарынан өте алмады.
Алдыңғы күні шпагашылар Ирина Бакалдина мен Владислава Андреева ширек финалда қарсыластарына жол беріп, медальдан бір қадам қалғанда тоқтады.
Жалпы, Азиадалардың семсерлесу турнирлерінде Қазақстан үш алтын, төрт күміс және 13 қола медаль жеңіп алды. Шпагашылар құрамасы екі рет (1994, 2002) чемпион атанды, сондай-ақ Дмитрий Алексанин осы қару түрінен Азиада-2018-де жеңімпаз болды.
XX Жазғы Азия ойындарының салтанатты ашылуы 19 қыркүйекте өтті. 45 елдің спортшылары қатысатын жарыстарда 460 комплект жүлде сарапқа салынуда. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының құрамында 35 спорт түрінен 558 спортшы өнер көрсетуде.
Ойындардың бірінші күні қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алды. Чемпиондар: велошабандоздар Рината Султанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратистер Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева. Кеше құрама қоржынына бесінші алтынды ММА файтері Еркінғали Бүркіталин, алтыншысын – оның аралас жекпе-жектегі командаласы Қадырбек Шынбаев салды. Бүгін Луценко Азия ойындары-2026-ның екі дүркін чемпионы атанды.
Ойындардың үшінші күнінен кейін Қазақстан бейресми медаль есебінде төртінші орында тұр.


