Америкалық жасанды интеллект компаниясы Anthropic Австралиядағы тұңғыш деректер орталығын Квинсленд штатының батысында тұрғызбақ. Бұл туралы штат премьері Дэвид Кризафулли сәрсенбіде парламентте мәлімдеді, деп жазады infohub.kz сайты.

Claude атты үлкен тілдік моделін жасаған компания жер телімін жалға алуға келісім жасасқан. Жоспарланған Western Downs цифрлық паркін Сингапурде тіркелген Zerra DC компаниясы Тоувумбаның солтүстік-батысындағы Далби қаласының маңында салады. Нысан Braemar электр станциясына қосылады. Ол келесі жылы ашылады деп күтілуде, ал болжамды құны 31,9 миллиард долларға бағаланып отыр.

Кризафулли парламентте сауда миссиясы кезінде Anthropic өкілдерімен кездескенін айтты. Ол әңгіме барысында «Квинслендтің инвестиция үшін тартымды өңір екенін, мұнда энергетикалық қауіпсіздік пен рұқсат берудің жеңілдетілген тәртібі бар екенін» жеткізгенін атап өтті.

«Anthropic-тің Австралиядағы алғашқы ірі инвестициясын тарту — Квинслендке деген зор сенімнің белгісі. Бұл — жаңа жұмыс орындарын ашып, штаттың электр желісіне қосымша қуат беретін ауқымды жеңіс», — деді ол.

Штат Солтүстік аумақпен бірге шілдеде жаңа жасанды интеллект орталықтарын жаңартылатын энергия көздерімен қамтамасыз ету туралы одақтық үкіметтің бастамасынан бас тартқан еді. Штат үкіметі ұлттық келісімнен бөлек шартты жеңіп алғанын, оған сәйкес орталықтарды қуаттандыру үшін штаттың көмір генераторларын пайдалануға рұқсат берілгенін мәлімдеп отыр.

Кризафулли Энтони Албаниздің «Квинслендке электрмен жабдықтау жолын өзі айқындауға мүмкіндік беру» туралы шешімін «санаға қонымды» деп атады.

«Деректер орталықтарын салу электр желісіне қосымша қуат қосып, квинслендтіктер үшін электр бағасын төмендетуі тиіс. Ол жергілікті су қорын қорғап, орталықтар орналасатын қауымдастықтардың мүддесін сыйлауы керек. Біз мұны дұрыс жерлерде, дұрыс жолмен жасаймыз. Тұрғындар жел, күн және батарея жобаларындағыдай өз пікірін білдіруге құқылы», — деді ол.

Албаниз үкіметі жасанды интеллект компанияларына австралиялық шығармашылық иелерінің туындыларын әдепкі бойынша пайдалануға рұқсат беру туралы ұсынысты қарастырып жатыр. Тәуелсіз сенатор Дэвид Пококтың айтуынша, бұл келісім деректер орталықтарын қаржыландыру жолында шығармашылық қауымды «автобустың астына тастаумен» тең.

Anthropic бас директоры Дарио Амодеи сейсенбіде жасанды интеллектке қатысты алаңдаушылық күшейіп бара жатқан жағдайда оның дамуын бәсеңдетуге шақырғанын тағы да қайталады.