Алматылық 18 жастағы Анна Черкашина жеңіл атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионатының финалына жолдама алды. АҚШ-тың Юджин қаласында өтіп жатқан жарыстың іріктеу кезеңінде ол 4,10 метр биіктікті еңсеріп, жеке рекордын жаңартты. Бұл нәтиже Қазақстанның да рекорды болып табылады. Осы көрсеткішпен ол 8 тамызда медаль үшін күресетін 13 финалисттің қатарына енді. Барлық финалисттер бірдей нәтиже көрсеткендіктен, финал шиеленісті болады деп күтілуде, деп хабарлайды infohub.kz.
Бұл чемпионатта Қазақстан құрамасын алты жігіт пен бес қыз намысын қорғап жатыр. Олардың барлығы қажетті нормативтерді орындаған. Бұл — 2008 жылдан бері ең көп құрам. Сонда Польшаның Быдгощ қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 12 спортшы қатысқан еді. Салыстыру үшін, екі жыл бұрын Перу астанасы Лимада небәрі бес өкіл болса, 2022 жылы Колумбияның Кали қаласында төртеуі ғана бақ сынаған.
Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 1994 жылы Лиссабонда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатына алғаш қатысқаннан бері қазақстандық спортшылар бірде-бір турнирді жіберіп алмаған. Сол жылы Португалия астанасында ел намысын Андрей Тараненко, Андрей Скляренко, Виктория Токонбаева, Наталья Дорохина және Светлана Бадранкова қорғаған. Осы жарыстарға қатысу тарихында қазақстандық жеңіл атлеттер әлі күнге дейін жүлделі орынға көтеріле алмай келеді.


