Алматыда жергілікті тұрғын 12 жасар қызға бірнеше рет жыныстық сипаттағы қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың қараша айында болған. Ер адам жәбірленуші мен оның анасы және кіші інісі тұратын үйде комендант және сантехник болып жұмыс істеген.
Қыздың айтуынша, сантехник құбырларды тексеру сылтауымен есік қағыпты. Ол есікті ашқанда, ер адам кіріп келген. Ол кезде қыз інісімен ойнап жүрген, бірақ кейін інісіне ренжіп, балалар бөлмесіне кеткен. Ер адам жанына келіп: «Маған ренжідің бе?» деп сұрап, содан кейін қолын оның намаздығының астына, одан кейін футболкасының астына салып, кеудесі мен мойнын сипап, қытықтай бастаған. Қыз кенеттен орнынан тұрып: «Ей, бұлай болмайды», — деген. Ер адам ештеңе демеген. Бөлмеге інісі кіргенде, сантехник баланы көтеріп, төсекке жатқызып, киімінің үстінен қытықтап, кейін кетіп қалған.
Сонымен қатар, оқушы қыз тағы екі оқиға туралы айтып берді. Шамамен 2025 жылдың қазан айында ол ер адамның көлігінің артқы орындығында отырғанда, телефонына бұрылған кезде, ер адам оның бөксесінен бір шалп еткізген. Тағы бір жолы, сантехник құбырды жөндеп жүргенде, оған: «Мені сүй», — деген, бірақ сүйіспек болғанда, қыз оның сақалынан ұстап алған.
Қыз анасына бұл туралы айтпағанын, себебі ер адам оны аулада бұзақылық жасап жүргенін айтып қоямын деп қорқытқанын түсіндірді.
Айыпталушы өз кінәсін мойындамады. Ол тек балалармен сөйлесіп, ойнағанын, оларға кәмпит бергенін айтып, айыптауды қыздың анасының кегі деп атады. Үй иесі көршілерімен жанжалдасып, анасын үйден шығаруға тырысқан екен.
Жәбірленушінің анасы сотта бұрын айыпталушының оған «қызың керемет, таза, мен оны жақсы көремін» деген хабарламалар жібергенін, сондай-ақ өзін де қорлағанын айтты. Қыз айыпталушы жоқ кезде, бірақ психологтың қатысуымен жауап берді.
Алматының Наурызбай аудандық сотының судьясы Рәбиға Әбдолданова ер адамды 20 тәулікке қамауға алып, 19 660 теңге айыппұл төлеуге міндеттеді және үш жылға кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырды.


