15 шілдеде Алматының бірнеше ауданында жаппай электр жарығы сөнді. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мәліметінше, себебі – электр желілеріндегі технологиялық ақаулар. Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Компанияның баспасөз қызметінің түсіндіруінше, 15 шілдеде қаланың әртүрлі аудандарында технологиялық ақаулар орын алып, салдарынан тұтынушылардың бір бөлігіне электр қуаты уақытша шектелген. «Технологиялық ақаулардың себептері анықталуда. Оқиға орнында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның жедел жөндеу бригадалары жұмыс істеуде. Мамандар болған оқиғаның себебін анықтау және тұтынушылардың электрмен жабдықталуын мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін қажетті шараларды қабылдауда», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Компанияның дерегінше, сағат 15:50-де Рысқұлов даңғылы, Жангелдин, Баянауыл және Шемякин көшелерінің аралығындағы тұтынушылар уақытша жарықсыз қалған. Сағат 15:55-те Серіков, Омаров, Жансүгіров және Артиллерийская көшелерінің аралығындағы тұтынушыларда электр қуаты өшкен. Сағат 16:45-те Почтовая, Бондаренко, Мусоргский және Грибоедов көшелерінің аралығындағы тұтынушылар шектелсе, сағат 16:55-те Абай даңғылы, Масанчи, Жамбыл және Әді Шәріпов көшелерінің аралығындағы тұтынушылар жарықсыз қалған.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның авариялық жағдайлар картасында Алматының бірнеше ауданында электр қуатының өшірілгені көрсетілген еді. Кейін Бостандық ауданындағы Асқар Тау және Ерменсай шағын аудандарында электрмен жабдықтау қалпына келтірілді. Ондағы уақытша электр қуатының өшуіне абоненттік трансформаторлық қосалқы станциялардағы технологиялық ақау себеп болған.