18 шілде, сенбі күні Алматыда жазғы кешкі Summer Relay эстафетасына байланысты тарихи орталықтағы бірнеше көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл жүгіру маршруты алғаш рет тарихи орталық арқылы өтеді. Эстафета Төле би, Қабанбай батыр, Панфилов көшелері мен Абылай хан даңғылында ұйымдастырылады.

Ең ұзақ шектеу Төле би көшесінің Панфилов көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі бөлігінде болады. Бұл учаскеде қозғалыс 18 шілде сағат 09:00-ден 19 шілде сағат 06:00-ге дейін жабылады.

Қалған шектеулер 18 шілдеде сағат 20:00-ден 23:00-ке дейін енгізіледі. Бұл уақытта мына көшелер жабылады: Абылай хан даңғылы – Төле би көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейін; Қабанбай батыр көшесі – Абылай хан даңғылынан Назарбаев даңғылына дейін; Панфилов көшесі – Қабанбай батыр көшесінен Төле би көшесіне дейін.

Жарыс бағдарламасы 18:00-де балалардың 500, 1000 және 2000 метр қашықтыққа жүгіруімен басталады. Сағат 20:00-де 2 шақырымдық жаппай жүгіру, ал 21:00-де командалық Summer Relay эстафетасы өтеді. Бес адамнан тұратын командалар 10 шақырым қашықтықты еңсереді.

Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарына маршрутты алдын ала жоспарлап, қозғалыс схемасындағы уақытша өзгерістерді ескеруді ұсынады.