Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы әлеуметтік желілерде тараған, қала тұрғындарын «құлататын» белгісіз вирус туралы жазбаларға жауап берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысының орынбасары Гаухар Каткенова айтқандай, зертханалық мониторинг нәтижелері бойынша Алматыда қазір риновирус, парагрипп, РС-вирусы және маусымдық коронавирус айналымда жүр.
«Басқа жаңа, беймәлім және бұрын кездеспеген вирустар жоқ. Жыл бойы талдау алып, зертханалық зерттеу жүргізетін және қазіргі уақытта қандай вирустар айналымда жүргенін анықтайтын сегіз орталық бар. Зертханалық мониторинг нәтижелеріне сәйкес, мен айтқан вирустар анықталды», — деді Каткенова.
Сонымен қатар, ол бүгінде алматылықтар тұмауға қарсы екпе ала алатынын атап өтті. «Гриппол» препараты жергілікті бюджет қаражаты есебінен қауіп тобындағы азаматтар үшін 250 мың доза көлемінде сатып алынған, ал қалған азаматтар ақылы түрде екпе ала алады.
Гаухар Каткенова Алматыда төсек-орын қоры мен резервтік қуат жеткілікті екенін, бұл барлық қажетті пациенттерді, соның ішінде балалар мен қауіп тобындағы азаматтарды толық көлемде ауруханаға жатқызуды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін қосты.
«Балалар қалалық инфекциялық ауруханасында бүгінде 360 төсек ашылған, бірақ тағы 67 резервтік төсегіміз бар. Қалалық клиникалық инфекциялық ауруханада қазір 200 төсек ашылған. Қосымша 50 резервтік төсек ашылады. Ал қалалық перзентханада 70 төсекке арналған бір бөлімше ашылған. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты онда қосымша 10 резервтік төсек ашылады», — деді Каткенова.
Ол дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының тапшылығы байқалмайтынын мәлімдеді.


