Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғынының үндеуі тарады. Ол қаладағы базарлардың бірінде болған ауызша жанжалдан кейін полиция қызметкерлерін әрекетсіздік танытты деп айыптады. Threads желісіндегі жазба авторының айтуынша, оның жұбайы өзіне қаратылған балағат пен әдепсіз сөздерден кейін полиция шақырған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, арызды қабылдады. Бірақ жағдайды анықтап, тиісті шара қолданудың орнына, күйеуімді балағаттаған адамды жай ғана жіберіп қойды. (...) Соңында балағаттаған адам полиция қызметкерлерімен қол алысып, тыныш кетіп қалды», — делінген хабарламада.

Жазба астындағы пікірлерде Алматы полиция департаменті 12 қыркүйекте «102» пультіне жанжал туралы хабарлама түскенін растады. Қызметкерлер келгенде азаматтар арасында ауызша жанжал болғаны, оның барысында бір қатысушы әдепсіз сөздер айтып, өзін агрессивті ұстағаны анықталды.

«Осы дерек бойынша құқық бұзушыға қатысты учаскелік полиция инспекторлары ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы «Ұсақ бұзақылық» бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Материалдар процестік шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді», — деп сендірді полицияда.