Алматы облысындағы екі ауылдың тұрғындары жердің жеке меншікке берілуінен мал жайылымнан және суға қол жеткізуден айырылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Astana TV телеарнасының мәліметінше, жағдай Ұзынағаш және Жаңақұрылыс ауылдарында орын алған. Тұрғындар көп жылдар бойы Қарасу өзенінің жағасында мал жайып келген. Алайда шамамен 10 жыл бұрын жеке үйлер салына бастап, суға барар жол қоршаулармен бөгелген. Енді тұрғындар малды жайылымға шығару үшін бірнеше шақырым жерге кетуге мәжбүр.
«Мал жаю былай тұрсын, оны суға да апара алмаймыз. 10 жылдан астам уақыт осында 300-ден астам мал жайдым. Қазір 40-50 сиырды суға апара алмай отырмыз. Осы мәселемен 10 жылдай әбігерленіп жүрміз», — деді Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны Жомарт Апетаев.
Су кодексіне сәйкес, су қорғау белдеуінің ең аз ені 35 метрді құрайды. Алайда қазір қоршаулар өзенге тікелей тақап тұр. Тұрғындар бұл мәселе бойынша жыл сайын әкімдікке жүгінетінін, бірақ шара қолданылмай отырғанын айтады.
«Жер учаскелері конкурстық негізде берілгенде, дайындық жұмыстары жүргізілгенде су қорғау аймағының нормалары, мал айдайтын жолақтар ескерілген. Ал қазір қоршап алу даулы мәселе тудырып отыр. Бұл — жер иесінің жауапкершілігі. Яғни ол нормаларды ескермей қоршап алған», — деді Ұзынағаш ауылдық округі әкімдігі аппаратының бас маманы Әлия Абуова.
Әкімдікте заңсыз қоршауларды жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Егер иелерімен келісімге келу мүмкін болмаса, билік су қорғау аймағын босату үшін сотқа жүгінетін болады.


