Алматы облысының агроөнеркәсіп кешенінің экспорт көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 491 млн доллардан асты, ал өңірдің ауыл шаруашылығы тауарлары мен қайта өңделген өнімдері әлемнің 50-ден астам еліне жеткізілуде. Өңірлік экспорттың жалпы көлемінің 60%-дан астамы ауыл шаруашылығы өнімдері мен олардың қайта өңделген тауарларына тиесілі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Алматы облысы елдің экспорттық бағыттағы аграрлық өңірлері арасында көшбасшы орынын сақтап отыр. Сыртқы нарықтарда өңір кәсіпорындары өндірген ет, құс еті, жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері мен сусындар ең жоғары сұранысқа ие.

Ірі өндірушілер экспорттық әлеуетті дамытуға елеулі үлес қосуда. Олар Қытайға, Сауд Арабиясына және ТМД елдеріне балмұздақ, Ресей нарығына қызанақ пен сублимацияланған өнімдер, сондай-ақ шетелдік ірі сауда желілеріне шырындар, алкогольсіз сусындар және шай өнімдерін жеткізеді.

«Жалпы, Алматы облысының агроөнеркәсіп кешенінің өнімі 50-ден астам мемлекетке экспортталады. Орталық Азия және ТМД елдерінен басқа, қазақстандық өндірушілер өз өнімдерін Германия, Польша, Румыния, Болгария, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак және Пәкістанға жеткізеді», — деді ведомство өкілдері.

Өңірдің маңызды сыртқы сауда серіктестерінің бірі Өзбекстан болып қала береді. «Соңғы үш жылда осы елге экспорт көлемі екі есеге жуық өсті — 110 млн доллардан 203 млн долларға дейін. Өзбек нарығында ұн және сүт өнімдері ең сұранысқа ие тауарлар болып отыр», — деп түсіндірді ҚР АШМ өкілдері.

Өңірде экспорт көрсеткіштерінің тұрақты өсуі өндірістік қуаттарды кешенді жаңғырту, инвестициялар тарту, заманауи технологияларды енгізу және агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асырудың арқасында мүмкін болғаны атап өтіледі. Атқарылып жатқан жұмыс жеткізу географиясын одан әрі кеңейтуге және қазақстандық өндірушілер өнімінің халықаралық нарықтардағы позициясын нығайтуға, Алматы облысының экспорттық әлеуетін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.