Алматы әкімдігі қала тұрғындарын Наурызбай батыр көшесіндегі қозғалыстың жаңа сұлбасы туралы ескертті. Ол 1 тамыздан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мегаполисте жол жүрісін ұйымдастыруды жетілдіру жалғасуда. 1 тамыздан бастап Наурызбай батыр көшесінің Райымбек даңғылынан Абай даңғылына дейінгі бөлігінде жаңа қозғалыс сұлбасы енгізіледі. Ол жеке велосипед инфрақұрылымын құруды көздейді.

«Жүргізілетін жұмыстар аясында маршруттық көлік құралдарына арналған бөлек жолақ алынып тасталады. Автобус бағыттары Желтоқсан көшесіне ауыстырылады, бұл Наурызбай батыр көшесінде веложол ұйымдастыруға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.

Өзгерістер велосипедшілердің қауіпсіздігін арттыруға, қалалық велоинфрақұрылымды дамытуға және көлік ағындарын тиімді бөлуге бағытталғаны атап өтілді.

Жүргізушілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушылары алдағы өзгерістерді алдын ала ескеріп, маршруттарды жаңа сұлбаға сәйкес жоспарлауға және жол белгілері мен сызықшаларының талаптарын сақтауға шақырылады.