Алматы мәслихатының депутаттары «Медеу» ерекше қорғалатын табиғи аумағы мен «Шымбұлақ» шатқалына көлік кіруін шектеу туралы шешімді қолдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ағымдағы жылдың сәуірінде Алматыда Медеуге көлікпен кіру шектелуі мүмкін екені, сондай-ақ төменгі бөлікте тұрақтарды көбейту мәселесі қаралып жатқаны хабарланған болатын. Оны сол кезде Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин айтқан еді.

Жобаны сессияда Алматы экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бақтыгереев таныстырды. Оның айтуынша, шектеулер ерекше қорғалатын табиғи аумаққа көлік және антропогендік жүктемені азайту үшін енгізіліп отыр.

Жаңа тәртіптің қажеттілігі Конституциялық соттың 2026 жылғы 12 маусымдағы қаулысынан кейін туындағаны хабарланады. Сот 2016 жылы әкімдік қаулысымен белгіленген бұрынғы шектеуді Конституцияға сәйкес емес деп танып, мұндай шешімдер мәслихаттың құзыретіне жататынын және тұрғындардың құқықтарын ескеруі тиіс екенін көрсетті.

«Біз бұрынғы тәртіпті жай сақтап қана қоймай, экологиялық жағдайды, заңнама талаптарын және тұрғындардың құқықтарын ескере отырып, көлік жүктемесін реттеудің заңды тетігін белгілеуді ұсынып отырмыз», — деді Аршат Бақтыгереев.

Басқарма дерегінше, бақылау-өткізу пунктісінен күн сайын шамамен 700 көлік өтеді. 2026 жылдың сегіз айында 179 024 өту тіркелсе, 2022 жылы бүкіл жыл бойы 76 606 өту болған.

«Қабылданған шешім ішкі жану қозғалтқышы бар көліктердің кіруін шектеуді көздейді. Электромобильдер үшін жеке режим белгіленді: жұмыс күндері кіруге рұқсат беріледі, ал демалыс және мереке күндері шектеу барлық көлік құралдарына қолданылады», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар жаңа тәртіп тұрғындардың мүддесін, сондай-ақ жедел, коммуналдық және арнайы қызметтердің жұмысын ескеретіні айтылады. Мұнда 48 жеке үй, «Қазгидромет» пен «Қазселқорғаныстың» қызметтік-тұрғын ғимараттары, сондай-ақ Тұйықсу шатқалының нысандары орналасқаны ерекше атап өтіледі.