Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың офтальмологтары кератоконусы IV дәрежелі 33 жастағы қазақстандыққа донорлық қасаң қабық (роговица) көшіріп, көзін сақтап қалды. Ота науқастың көру қабілетінің одан әрі нашарлауын тоқтатуға мүмкіндік берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Дәрігерлердің айтуынша, ауру тез өршіп, науқастың көруі айтарлықтай нашарлаған. Сондықтан қасаң қабықты көшіру қажеттілігі туындаған.

Күрделі отаны аурухананың офтальмология бөлімінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова жасады. Нәтижесінде көзді сақтап қалу мүмкін болды.

Бес айдан кейін ер адам жоспарлы тексеруге келді. Тексеру отадан кейінгі қалпына келудің жақсы өткенін көрсетті. Тексеруден соң қазақстандық дәрігерге және бүкіл медициналық топқа көрсетілген сапалы көмегі үшін алғыс айтты.

Өз кезегінде Абдраимова әр отаның артында адам тағдыры тұратынын атап өтті. Жастардың көру қабілетін сақтап қалуға көмектесу — өте маңызды, өйткені бұл адамға толыққанды өмір сүруге, оқуға және жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Қасаң қабықты көшіру — көзге жасалатын ең күрделі ота. Оны тек тәжірибелі хирургтер озық жабдықта жасай алады. Отадан кейін көздің сәтті қалпына келуі үшін науқасты ұзақ әрі мұқият бақылау қажет.

Бұған дейін «Курсив» Алматыдағы дәрігерлер ондаған магнит жұтып қойған үш баланы бір ауысымда ота жасағанын жазған болатын.

Одан бұрын «менингорадикулоцеле» диагнозымен дүниеге келген нәрестеге маңғыстаулық хирургтер күрделі нейрохирургиялық ота жасағаны хабарланған. Өңірде мұндай ота алғаш рет жасалды.

Сонымен қатар Өскеменде бірнеше күн бұрын нейрохирургиялық роботты қолданып, алғашқы сәтті ота жасалды.