Алматы қаласының Алатау ауданында кеше түнде қайғылы оқиға болды — жол апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жол-көлік оқиғасы 27 шілде күні сағат 03:10-да оңтүстік астананың Алатау ауданында болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, Suzuki автокөлігінің жүргізушісі Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатып, Шәріпов көшесінің қиылысында кері бұрылу кезінде Рысқұлов даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Mercedes (Гелендваген) автокөлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан Suzuki автокөлігінің жүргізушісі мен оның жолаушыларының бірі алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты. Suzuki автокөлігінің тағы бір жолаушысы мен Mercedes жүргізушісі әртүрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді.

«Екі адамның өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Апаттың мән-жайы анықталып жатыр», — деп мәлімдеді Алматы ПД баспасөз қызметі.