16-20 шілде аралығында Алматыда қатты ыстық күтіледі. Кей жерлерде ауа температурасы +42°C-қа дейін көтеріледі. Бұл биылғы жаздың ең ыстық кезеңі болмақ. Сондықтан қалалық қызметтер көшелерді жиірек және көбірек суаруды бастайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, ең ыстық сағаттарда қала жолдарына 16 арнайы техника колоннасы шығады. Олар жолдың жүру бөлігін суарып қана қоймай, ауаға да су бүркілетін болады. Жұмыстар қарқынды көлік және жаяу жүргінші қозғалысы бар 128-ден астам көшені қамтиды.
Сонымен қатар, қалада күнделікті санитарлық тазалау жұмыстары жалғасуда. 500-ден астам арнайы техника жолдарды, тротуарларды, аялдамаларды және басқа да қала инфрақұрылымы нысандарын жуып-тазалайды.
Жолдарды суару және ауаны ылғалдандыру жол бетіндегі температураны төмендетуге, шаңды азайтуға және асфальтты қызып кетуден қорғауға көмектеседі.
Бұған дейін аномальды ыстыққа байланысты алматылықтар жедел жәрдемді жиі шақыра бастағаны хабарланған болатын.


