Алматыда Mercedes-пен соқтығысудан аман қалған Suzuki көлігінің жолаушысының жағдайын дәрігерлер айтты, деп хабарлайды infohub.kz.
Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 27 шілдеде сағат 04:05-те №7 қалалық клиникалық ауруханаға 1991 жылы туған әйел жеткізілген. Ол Рысқұлов көшесінде болған жол-көлік оқиғасында зардап шеккен. Әйел көлікте жолаушы болған.
Зардап шеккен әйелге политравма, оның ішінде бірнеше сынықтар мен жұмсақ тіндердің жарақаттары диагнозы қойылған. Қажетті шұғыл емдік-диагностикалық шаралар жүргізіліп, сынықтар бекітілген. Қазір науқас реанимация бөлімінде ауыр халде жатыр.
Еске салайық, қайғылы оқиға өткен түні Алматының Алатау ауданында болған. Жол апаты салдарынан Suzuki көлігінің жүргізушісі мен оның бір жолаушысы оқиға орнында қаза тапқан. Suzuki-дің тағы бір жолаушысы мен Mercedes жүргізушісі жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.


