Ақтөбе облысы Полтавка ауылында 99 үйге табиғи газ қосылды. Онда 316 адам тұрады. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев салтанатты іс-шарада елді мекендерді газдандыру мемлекет саясатының басым бағыты екенін айтты. Оның айтуынша, бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Жобаны іске асыруға 581,4 млн теңге жұмсалды. Жұмыстарды GazMart компаниясы жүргізді. Жоба аясында 6,4 км кіретін газ құбыры және барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым салынды.
Әкімдік дерегінше, қазіргі таңда өңірдегі халықты газдандыру деңгейі 97,5%-ға жетті. 2025 жылы 31 елді мекенге табиғи газ берілді, онда 13 мыңнан аса адам тұрады.
2026 жылы билік тағы 8 ауылды газдандыруды жоспарлап отыр. Оларда 3,7 мыңға жуық адам тұрады. Бүгінде 5 елді мекенге табиғи газ берілді, онда 2 126 адам тұрады.
Бұған дейін Қазақстанда газ өндіруді ынталандыру үшін бағалар қайта қаралатыны хабарланған болатын.


