Ақтөбеде қалалық мәслихаттың бұрынғы депутаты кәсіпкер әйелге бизнесін дамытуға 80 миллион теңге беріп, ақырында ештеңесіз қалды. Әйел сот төріне тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Іс материалдарына сәйкес, косметология клиникалар желісін басқаратын 33 жастағы әйел өз бизнесіне инвестиция салып, оңтүстіккореялық медициналық аппараттарды ТМД елдеріне қайта сатудан және клиникалар желісін кеңейтуден пайда табуға ұсыныс жасаған. Бір кәсіпкер әйел алдымен оған қолма-қол 10 млн теңге берген, кейін банктен 24 млн теңгеге кредит рәсімдеп, ол ақшаны да тапсырған. Тағы бір әйел бизнеске инвестиция салудан пайда табуға уәде етілгеніне сеніп, жеке үйін сатудан түскен қаражатын берген. Ақырында айыпталушы оған 14 миллионнан астам теңге қарыз болып қалды.

Ең көп зардап шеккен — қалалық мәслихаттың экс-депутаты. Ол әйелмен жақсы қарым-қатынаста болған, оның клиникасында қызмет алған, оған сенген және барлығы 80 млн теңге тапсырған. Әйел алдымен айына бір рет қарыздың бір бөлігін төлеп тұрған, кейін төлемдер тоқтаған. Жәбірленуші сотта пайыздарды қосқанда айыпталушының оған 97 млн теңге қарыз екенін атап өткен.

Кәсіпкер әйелдің қылмыстық ісінде барлығы бес эпизод бар. Ол қылмыс жасағанын мойындамай, бизнеске инвестиция салуды ұсынбағанын, тек ақша қарыз бергенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бір жәбірленушіден 59 млн теңге алып, оған 89 млн қайтарған, бірақ онымен дос болғандықтан, ақшаны қайтару фактісін рәсімдемеген. Ал экс-депутат, оның сөзінше, ол қоңырауларына жауап беруді қойғандықтан, полицияға арыз жазған. Ол трубканы көтере алмаған, себебі уақытша ұстау изоляторында отырған.

Сот айыпталушыны барлық эпизод бойынша алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Алайда оны қамауға алған жоқ: сот жазаны өтеуді 5 жылға кейінге қалдырды, өйткені сотталған әйел төрт баланың анасы, кенже баласы осы жылдың шілдесінде дүниеге келген. Үкімнен оның ажырасқаны да белгілі болды. Сот ақтөбелік әйелді жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге міндеттеді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.