2026 жылдың басынан бері Ақтөбе облысы полициясына адамдардың хабарсыз кетуі туралы 900-ден астам хабарлама келіп түскен. Оның ішінде 470-і кәмелетке толмағандарға қатысты болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Белсенді іздеу шараларының нәтижесінде хабарсыз кеткендердің барлығы дерлік табылып, үйлеріне оралған. Қазіргі таңда үш адамның қайда екені белгісіз – оларды іздеу жалғасуда. Полиция мәліметі бойынша, ересектер көбінесе туыстарына ескертпей жұмысқа кетіп қалады немесе тұрғылықты жерлерін ауыстырып, байланысқа шықпайды. Ал кәмелетке толмағандар отбасындағы жанжалдар мен ата-аналарымен түсініспеушілік салдарынан немесе салдарын ойламастан үйден кетеді.
Қазіргі уақытта полиция 44 жастағы екі ер адам мен бір зейнеткерді: Асылхан Хасеновты, Сергей Ковтунды және Болат Қоңырбаевты іздестіруде. Әрбір жоғалған адам бойынша іздеу топтары құрылған. Полицейлер туыстары мен куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексереді, жоғалғандардың болуы мүмкін жерлерді қарап, сыртқы күзет қызметін жұмылдырып, еріктілермен бірлесіп жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда іздеу жұмыстары облыс аумағынан тыс жерлерде де жүргізіледі. Ізделіп жатқан адамдар туралы ақпараты бар азаматтар 102 нөміріне хабарласуға немесе жақын маңдағы полиция бөліміне жүгінуге шақырылады.


