Ақмола облысында полицейлер ұрланған мотоциклді қуып, 21 жастағы Астана тұрғынын ұстады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 13 қыркүйекте 102 арнайы желісіне қала тұрғынынан Zuumаv маркалы мотоциклін ұрлау туралы арыз түскен.

Арыз иесінің айтуынша, сағат 11:50 шамасында үйінің жанында болған белгісіз ер адам көлік құралын иемденіп, қашып кеткен.

«Жедел басқару орталығының инспекторлары хабарламаны дереу өңдей бастады. Бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделей келе, полицейлер күдіктінің қозғалыс бағытын анықтады. Ол астанаға қарай бет алғаны белгілі болды. Ақпарат патрульдік полиция қызметкерлеріне жедел жеткізілді», — деді полицияда.

Көп ұзамай патрульдіктер Астана — Петропавл автожолында бағдарға сәйкес келетін мотоциклді тапқаны хабарланды. Сағат 12:12 шамасында көлік құралы трассаның 197-шақырымында байқалған. Қуғыннан кейін мотоциклді 170-шақырымда тоқтатып, күдіктіні ұстау мүмкін болды.

Ақмола облысы ПД патрульдік полиция батальонының 2-взводы қызметінің аға инспекторы, полиция капитаны Ербол Дүйсентайдың айтуынша, полицейлер жолда қауіпті жағдай туғызбауға және жол-көлік оқиғасын болдырмауға тырысқан.

«Біз ЖКО-ға жол бермеу және басқа жол қозғалысына қатысушыларды қауіпке тікпеу үшін барынша сақтықпен әрекет етуге тырыстық. Сондықтан ұстау мотоцикл табылған жерден айтарлықтай қашықтықта жүзеге асты», — деп атап өтті полиция капитаны.

Тексеру барысында ұсталған адамның Астана қаласының 21 жастағы тұрғыны екені анықталды.

«Алдын ала деректер бойынша, жас жігіт мотоциклді сатып алу үшін көріп кеткен, алайда сатып алуға ақшасы болмаған. Иесі оған мотоциклді теуіп көруге рұқсат берген соң, жас жігіт көлік құралын иемденіп, қашып кетуді шешкен», — деді полицияда.

Осы факті бойынша полицейлер ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады. Қазіргі таңда қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижесі бойынша күдіктінің әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріледі.