Ақмола облысында алтын өңдейтін жасыл цех анықталды. Арнайы операция бейнежазбаға түсірілді. Күдікті ұйымдастырушы қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz Қаржы мониторингі агенттігіне (ҚМА) сілтеме жасап.
Ведомствоның ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Ақмола облысы бойынша ҚМА Департаменті прокуратураның үйлестіруімен Шортанды ауданында бағалы металдарды заңсыз өндірген деген күдікке ілінген адамдар тобының әрекетін тоқтатты.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алтын кенін өңдеу және бағалы металдарды алу үшін жабдықталған жасыл цех табылды. Кенді ұсақтау және балқыту құралдары, 446 грамм салмақтағы алтын құймасы, 4 тонна алтын кені, 6 кг сынап, сондай-ақ 2 миллион теңгеден астам қаражат пен 8 мың АҚШ доллары тәркіленді. Тінту кезінде оқ-дәрі және атыс қаруы да табылды.
Қазіргі уақытта заңсыз әрекетке қатысы бар барлық адамдар, сондай-ақ заңсыз өндірілген бағалы металдардың көлемі анықталуда.
Күдікті ұйымдастырушы қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.


