Ақмола облысында полицейлер Сандықтау ауданы Шантөбе кентінің 86 жастағы тұрғынын тапты. Қария өз көлігімен жолға шығып, хабарсыз кеткен еді. Анықталғандай, оның ВАЗ-2107 маркалы көлігі орға түсіп, қарт адам өз бетінше шыға алмаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, зейнеткер жалғыз тұрған және ВАЗ-2107 көлігімен өз бетінше жолға шыққан. Жүріс барысында көлік орға түсіп кеткен. Қарт адам өз күшімен шыға алмаған, туыстарына да хабарлай алмаған.
Зейнеткер байланысқа шықпай қалған соң, туыстары келесі күні дабыл қақты. Олар ер адамның жоғалғаны туралы Сандықтау ауданының полиция бөліміне хабарлаған.
Іздеуге полицейлер мен жоғалған адамның туыстары қосылды. Тәртіп сақшылары бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, зейнеткердің жүріп өткен бағытын анықтап, одан әрі іздеу шараларын ұйымдастырды.
Сол күні көлік ордан табылды. Салонда зейнеткер отырған. Қуанышқа орай, ер адамды тауып, туыстарына тапсыру мүмкін болды.


