Қазақстанда әскерге шақырылушыларды әскер түрлері мен тегіне бөлуде жасанды интеллект қолданыла бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жасанды интеллект республиканың шақыру комиссияларының жұмысына енгізілді — ол мерзімді әскери қызметті өтеу үшін ең оңтайлы бағытты ұсынуға көмектеседі.

«Шақырылушының антропометриялық деректері мен білім деңгейіне сүйене отырып, жүйе тиісті әскер түрлері мен тегінде қызмет өту үшін ең оңтайлы бағыт бойынша ұсыныстар қалыптастырады», — деп нақтылады қорғаныс ведомствосы.

Аталған құрал барлық деңгейдегі шақыру комиссияларына қолжетімді және шақырылушыларды бөлудің объективтілігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Цифрландырудың маңызды нәтижелерінің бірі — азаматтарды денсаулық жағдайына байланысты мерзімді әскери қызметтен босату рәсімінің электрондық форматқа көшірілуі. Автоматтандыру қажетті рәсімдерді өту мерзімдерін қысқартып, шешім қабылдаудың жеделдігін арттырды. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды қызметтің бүкіл кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеуден босату процесі автоматтандырылды», — деп қосты Қорғаныс министрлігі.

Ведомство автоматтандыру шақырылушылардың жинақ пункттеріне жеке келу қажеттілігін жоққа шығармайтынын нақтылады. Заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызметке шақыру туралы шешімді онлайн форматта жүргізу мүмкін емес медициналық куәландыру нәтижелерінің негізінде тек шақыру комиссиясы қабылдайды.