Жетісу облысындағы Талдықорған-Текелі тас жолында келе жатқан Toyota Camry көлігіне ағаш құлап, жүргізуші зардап шекті. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Оқиға 21 шілдеде Қарабұлақ-Текелі тас жолының «Өмір бұлақ» тұсында болған. Қатты желдің салдарынан ағаш жол үстіне құлап, өтіп бара жатқан көлікті басып қалған.

Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, көлік салонында бес адам болған. «Оқиға салдарынан жүргізуші жарақат алды. Көлікте адамдар қамалып қалған жоқ», — деп мәлімдеді ТЖД.

Оқиға орнына келген құтқарушылар құлаған ағашты аралап, жолды тазартып, көліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті. Ескелді ауданы әкімдігінің айтуынша, зардап шеккен жүргізуші орталық аудандық ауруханаға жеткізілген. «Жүргізушінің жағдайы тұрақты», — деді аудан әкімдігі.

Құтқарушылар жүргізушілерді қатты желде сақ болуға, жылдамдықты қауіпсіздік талаптарына сай таңдауға және жолға ағаш немесе басқа заттардың құлау қаупін ескеруге шақырды.