Пёрл-Харбор шабуылынан аман қалған белгілі ең қарт адам, 106 жастағы Фримен Джонсон сенбі күні дүниеден өтті. Ол Массачусетс штатындағы өз үйінде қайтыс болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты, Boston Globe басылымына сілтеме жасап.
Шабуыл кезінде кеме түбіндегі өрт сөндіруші қызметін атқарған ол 1941 жылғы 7 желтоқсанда Гавайиде болған оқиғаны өз көзімен көрмеген. Сол кезде 21 жаста еді. Джонсонның айтуынша, ол жапон ұшақтарының соққысын көрмеген — ол кезде «Сент-Луис» кемесінде, негізгі дайындықтан кейінгі алғашқы қызметінде жүрген.
АҚШ соғыс департаментінің мәліметінше, бұл кеме шабуылдан «зақымдалмай» шыққан жалғыз ірі кеме болды. Оған «Бақытты Лу» деген атақ берілген.
«Жоғарыда абыр-сабыр жүріп жатқанда, мен бу қазанының ішінде едім. Ештеңе көре алмадым, мүлдем ештеңе», — деп әңгімелеген Джонсон мамыр айында Associated Press агенттігіне.
Ол сол таңда кітап оқып отырғанда пулеметтердің дыбысын естіп, дірілді сезінген. «Бірдеңе дұрыс емес екенін сол кезде бірінші рет түсіндік», — деп айтқан ол 2018 жылы Boston Globe басылымына.
Оның міндеті — кеме қазандықтарының бөлшектерін жөндеу болатын, ал экипаждың басқа мүшесі оған қазандық бөлшектерін беріп отырды.
Алайда Джонсон Пёрл-Харбордағы жұмысын ерлік деп санамаған және оны мақтаныш көзі деп те білмеген. «Мен батыл болған жоқпын, мен сол жерде болдым. Маған айтқанды ғана істедім. Өз жұмысымды атқардым», — деген ол былтыр Pacific Historic Parks ұйымына берген сұхбатында.
Оның мақтанышы басқа жерден табылды: 1950 жылы марқұм жұбайы Рут Хиллспен шаңырақ көтергенде. Олардың үш қызы болды, олар бірнеше балаға патронаттық тәрбиеші ретінде қызмет етті, кейін екі немере сүйді.
Әскери-теңіз флотынан кеткен соң ол бірнеше жұмыста еңбек етті: 40 жыл машина жасау шеберханасында, сондай-ақ азық-түлік дүкенінде жұмыс істеп, қарттарға тамақ жеткізген. 90 жасында ресми түрде зейнетке шығып, өмірінің соңына дейін қызы Диана Джонсонның үйінде тұрды.
«Бұл өте ауыр Рақмет айту күні болады. Ол жоғарыда барлық достарымен, отбасымен және анаммен бірге болады», — деп айтқан Диана Джонсон Associated Press агенттігіне.
Пёрл-Харбор шабуылынан аман қалған белгілі 11 адам ғана тірі, олардың барлығы жүз жастан асқан.


