Бес Еуропалық Одақ елі Африканың Руанда мемлекетінде мигранттарды депортациялау орталығын құруды жарияламақ. Бұл туралы дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап, infohub.kz сайты хабарлайды.
Германия, Дания, Австрия, Грекия және Нидерланды қыркүйек айында ЕО-ға кірмейтін елмен «қайтару хабтарын» орналастыру туралы келісімге келу жолында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген еді. Жаңа келісім блогтан тыс хабтар құруға мүмкіндік берген ЕО-ның жақындағы реформасына сүйенеді.
Аталған схема ЕО-да қалудың заңды жолдарын толық сарқып қойған баспана іздеушілерге ғана қатысты болады. Бұл жағынан ол Руандаға адамдарды өз өтініштерін қарау үшін жіберуді көздеген, кейін тоқтатылған британдық келісімнен өзгеше. Сол кезде заңдық дауларға тап болған Ұлыбританияның жобасы іске аспады, ақыры 2024 жылы билікке келген Лейбористік үкімет оны толық тоқтатты.
Бес ЕО елі мигранттарды шетелге жіберу жоспары ЕО және халықаралық құқыққа сай деп есептейді. Ал адам құқықтары жөніндегі ұйымдар бұл қадам мигранттардың құқықтарын бұзуы мүмкін деп алаңдайды.
Тамыз айында Руанда бірнеше еуропалық мемлекетпен «алдын ала келіссөздерді» бастағанын растаған болатын. Толық мәлімет дүйсенбі күні Венада жариялануы күтілуде.
Дипломатиялық дереккөздердің Франс Пресс агенттігіне айтуынша, Орталық-Шығыс Африкадағы бұл хаб алғашқы кезеңде пилоттық режимде жұмыс істеп, шамамен 100 адамды қабылдайды. Бес мемлекеттің әрқайсысы 20-ға жуық мигранттан жіберуі мүмкін.
ЕО елдері орталықтың 2027 жылы іске қосылуын көздеп отырғаны хабарланды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) қосалқы рөл атқаруы ықтимал.
«ХКҰ транзит жағдайындағы мигранттарға көмек көрсетуде, оның ішінде күрделі жағдайларда да мол тәжірибе жинақтаған», — деді ұйым өкілі. Оның сөзінше, агенттік бірқатар ЕО елімен «қайтару хабтарын немесе ұқсас тетіктерді құру жоспарлары» жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.
Human Rights Watch ұйымының Африка бойынша аға зерттеушісі Клементин де Монжуа Руанданы таңдау алаңдаушылық тудырады деп санайды. Оның айтуынша, бұл елде «оппозицияны басу, негізсіз қамауға алу, қамауда қатыгездік көрсету» бойынша орныққан тарих бар, сондай-ақ ол көршілес Конго Демократиялық Республикасындағы қарулы бүлікшілерді қолдап отыр.
«Кигалиге депортация бағдарламасын қабылдағаны үшін ақы төлеу депортацияланғандарға азап пен зиян әкеліп қана қоймай, өз елінде де, шетелде де ауыр адам құқықтарын бұзуға жауапты үкіметті қаржыландырып, оған саяси тұтқа береді», — деді ол.
ЕО-ның тәуелсіз Негізгі құқықтар агенттігі қайтару хабын орналастыратын кез келген үшінші ел «негізгі құқықтарды құрметтеуі» керек екенін, оның ішінде адамдар қудалаудың ауыр қаупіне тап болатын елге жіберілмеуі тиіс екенін мәлімдеді. Агенттіктің пікірінше, ата-анасыз балалар қайтару хабына жіберілмеуі керек.


